Новости

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛЫМЕН...

Категория: Общая
Дата: 07.02.2020
Просмотры: 115 Печать страницы
ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛЫМЕН...

Алматы облысының Қарасай ауданы Шамалған ауылында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясының» салтанатты жиыны өтті.

Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары Ж.Қ. Түймебаев, Алматы облысының әкімі А.Баталов, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.Божко, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының құрдастары мен қатарластары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Жоғары оқу орындарының ректорлары, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жастар және т.б. қатысты.

«Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» Ассамблеяның 25 жылдығына арналған басты жобалардың бірі, ол Елбасының тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру мен дамытуға қосқан зор үлесін қоғам санасына бекітуге бағытталған.

Жиын барысында алғашқылардың бірі болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев: «Тұңғыш Президент жолын көпке, әсіресе, жас ұрпаққа танытудың мәні зор. Өйткені, Елбасының жолы – Қазақстан тәуелсіздігінің жолымен ұштаса өрілген жол. Ел тарихында болған әр сәтте, қол жеткізілген әр жетістікте Елбасының шешімі, ықпалы, қолтаңбасы бар.

Жас мемлекеттің дамудың эволюциялық жолын таңдауы көптеген бейбітшіл бастамаларға негіз болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары тек Қазақстан халқының ғана емес, бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдардың тағдырына игі әсер етті. 

Ол Тәуелсіздік алған бойда сан жылдар бойы ядролық сынақтар өткізіліп, экологияға, халықтың денсаулығына орасан зор зиян келтіріп келген Семей полигонын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл бүкіл әлемнің қауіпсіздігі үшін аса маңызды қадам болатын. Н.Назарбаевтың бастамасын бейбітшіліксүйгіш барша елдер қолдады.

Елбасы белгілі бір келіспеушіліктердің салдарынан тыныс-тіршілігі саябырсып қалған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қызметінің қайта жандануының бастамашысы болып, Астана саммиті ЕҚЫҰ тарихына алтын әріптермен жазылды. 

Тұңғыш Президент елімізде дүние жүзі қазақтарының құрылтайын өткізіп, зұлматты жылдары тарыдай шашырап кеткен қазақтарды атамекенге шақырды. 2019 жылдың қазанындағы есеп бойынша елге оралған қандастарымыздың саны 1 миллионнан асқан. Этникалық қазақтардың елге оралуы халқымызды сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да байыта түсті» - деп атап өтті.

 

 

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған әлемде теңдесі жоқ бірегей институт Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Осыған орай, Жансейіт Қансейітұлы бастау алған «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясының» мақсатына тоқталып өтті:

Біз осы айтулы мерейтойды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  елімізді қалыптастыру мен дамыту жолындағы қажырлы еңбегін жан-жақты көрсетуге арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясымен» бастап отырмыз.

 Жоба өткен жылы «1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында ресми түрде бастау алып, экспедицияның туы мен күнделігі Алматы облысына арнайы тапсырылған болатын. Бүгін Ұлт Көшбасшысы дүниеге келген Шамалған ауылында заңды жалғасын тауып отыр.

Экспедицияның мақсаты мен жүзеге асатын барлық бағыттары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы және еңбек жолымен тығыз байланысты.

Сондай-ақ жоба барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін нығайту бойынша ақпараттық-насихаттық, ғылыми-ағартушылық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар жүзеге асады.

«Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» негізгі үш бағыттан тұрады.

Бірінші бағыт – бұл басты бағыт. Бүгін өздеріңіз куә болып отырғандай, Үшқоңыр баурайындағы Шамалған ауылында Елбасы өмірге келді, ер жетті, азамат атанды. Сондықтан, бірінші – басты бағыттың Алматы облысынан бастау алуы тарихи заңдылық.

Екінші бағыт – аймақтық немесе өңірлік бағыт, яғни республикамыздың барлық облысында өтеді. Соның ішінде болашақ Президент еңбек жолын алғаш бастаған, жалынды жастық шағы өткен, мемлекеттік қайраткер ретінде қалыптасқан Қарағанды, Теміртау қаласында жүзеге асады. Ары қарай еліміздің түкпір-түкпірін аралап шығады.

Үшінші бағыт – халықаралық бағыт. Экспедиция Елбасы білім мен білігін шыңдаған Украинаның бұрынғы Днепродзержинск, қазіргі Каменское қаласына аттанады. Ары қарай Қазақстанның Тұңғыш Президенті Тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолында айтулы келіссөздер жүргізген, келелі кеңестерге қатысып, сөз сөйлеген, өзекті мәселелер көтерген  шет елдерді қамтитын болады. «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» өңірлік және халықаралық бағыттарды аралап, жол бойы Елбасы туралы тың деректер мен қызықты естеліктер жинайды.

Шілде айында Нұр-Сұлтанда қорытындыланып, халықаралық конференция ұйымдастырылады. Соңынан экспедиция күнделігі мен барлық жиналған қызықты материалдар  Елбасыға таныстырылады», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

 

 

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өз сөзінде «Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығының беташары болған осы игі шараның біздің Жетісу жерінен, соның ішінде Елбасының туған жері Шамалған ауылынан басталғаны – біз үшін зор мақтаныш.

         Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде беделі биік, абыройы зор, ел бірлігін нығайтудағы рөлі ерекше ұйымға айналды.

Әлемде теңдесі жоқ бұл құрылым Тұңғыш Президентіміздің көреген көшбасшы, стратег саясаткер екендігін тағы бір мәрте айқындады. Қазіргі кезде бүкіл әлемде Нұрсұлтан Назарбаев есімі «Бірлік», «Бейбітшілік», «Келісім» ұғымдарымен тең қабылданатыны да сондықтан.

Ассамблея мерейтойы аясында ұйымдастырылып отырған бұл экспедицияның мәні зор деп білемін. Бұл шара Елбасымыздың дүниеге келген өлкесінен бастап, жүріп өткен жолдарын, тәуелсіздікті қалыптастыру мен дамытудағы қадамдарын, стратегиялық бағдарламаларын, бейбітшілік пен келісім саясатын өнеге етудің ерен үлгісі болғалы отыр. Экспедицияның, әсіресе, жастар үшін берері мол. Себебі Тұңғыш Президенттің қайраткерлік жолы, тағылымды өмірбаяны – Отанға, ел мен жерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі» дей отырып, халық экспедициясына табыс тіледі.

Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлейменова, Елбасының сыныптасы Едіген Жүнісбеков және ҚХА мүшелері Атсалим Едигов, Наталия Хоменко, Роза Әбілова, Қарасай ауданының «Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектебі» КММ  оқытушысы  Эльнара Таштанова және басқалар сөз алып, Тұңғыш Президент туралы қызықты кездесулерімен бөлісті.

Соңынан «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясының туы мен күнделігі салтанатты түрде Қарағанды облысына тапсырылды.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына арналған «АТАМЕКЕН» тарихи-мәдени орталығына, «АНАҒА ҚҰРМЕТ» мұражайына, «БАТЫР БАБАЛАР» мемориалды кешеніне экспедиция ұйымдастырылып, «Бірлік пен келісім сабақтары» өтті.